СҚО-да аудан орталығының тұрғындары карантинге қарамастан той өткізген

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылындағы коттедждердің бірінде той өтіп жатқаны туралы полицияға тұрғындар хабар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Бескөл ауылының тұрғындары 102 қызметіне хабарласып, коттедждердің бірінің маңында бірнеше көліктің тұрғанын және адамдардың көп жиналғанын айтқан.

Ақпаратты тексеру үшін оқиға орнына автопатруль барып, шынымен де жиын болып жатқанына көз жеткізді. Қызылжар ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Жәнібек Мұхамадиев бұл жөнінде рейдте жүрген әкімдік, аудандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау бөлімі және полиция қызметкерлері енген мониторинг тобына хабарлады.

Топ мүшелері көрсетілген мекенжай бойынша келіп, тойдың үстінен түсті. Дастархан басында 50-ден астам қонақ отырған. Тойды жүргізген асаба да болған. Мониторинг тобы карантин кезіндегі іс-шараны фотоға түсіріп, бейнетіркеуге жазып алды. Материал шешім қабылдау үшін Қызылжар аудандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау бөліміне жіберілді.

Жәнібек Мұхамадиевтің айтуынша, Қызылжар ауданында карантин кезінде осымен үшінші рет той өткізілгені тіркелген.




Соңғы жаңалықтар