СҚО-да ауыл тұрғынынан 5 мылтық табылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ауыл тұрғынынан полицейлер 5 мылтықты тапты, оның екеуі ғана тіркелген болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылжар ауданында мал шаруашылығымен айналысатын 40 жастағы ауыл тұрғынын тексеру кезінде оның «ИЖ» маркалы тіркелген екі мылтықтың біреуін сейфке салмай сақтағаны анықталды.

Одан әрі мұқият тексеру барысында полицейлер тіркелмеген қаруларды: екі тегіс ұңғылы аңшы мылтығын, сондай-ақ ойық ұңғылы «ИЖ-56 Белка» мылтығын тапты. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.


Ер адамның сөзінше, тіркелмеген қаруларды ол ауылының маңындағы жол жиегінен тауып алған.

Полицейлер қажетті сараптамаларды тағайындады, оның нәтижесі бойынша қаруды заңсыз сақтағаны үшін ауылдық әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.


«Тіркелмеген ойық қаруды сақтау қылмыстық жауапкершілікті көздейді. Нәтижесінде тіркелген қаруды сақтауға және алып жүруге берілген рұқсатты 3 жылға автоматты түрде алып тастайды. Осы мерзім аяқталғаннан кейін ғана ауыл тұрғыны барлық қажетті процедуралардан өтіп, қарумен қауіпсіз жұмыс істеу бойынша емтихан тапсырғаннан кейін ғана, тіркелген қаруын қайтара алады», - дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Құрман Мусин.

«Қару» операциясының 3 күні ішінде 3047 қару иесі тексерілді. 143 факті, оның 116-сы сақтау ережелерін және 27-сі қаруды тіркеу немесе қайта тіркеу, оларды есепке қою тәртібін бұзуға қатысты анықталды. Заңсыз сақталған 13 қару алынды.


Соңғы жаңалықтар