СҚО-да әйелін ұрып өлтірген ер адам алты жылға сотталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында әйелін аяусыз ұрып, салдарынан өлтіріп алған қылмыскерге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО соты баспасөз қызметінің мәліметінше, Есіл аудандық сотында Фархад Құдажанұлына қатысты қылмыстық іс қаралды.

Оқиға 2020 жылдың 14 қаңтарында болды. Таңғы сағат 05:30 шамасында Ф.Құдажанұлы өз үйінде әйелімен жанжалдасып, оны ұрып-соққан. Салдарынан жұбайы В.Ш. алған дене жарақатынан сол жерде қаза тапты.

Тергеу барысында оның 2019 жылдың көктемінде бақшасынан бес оқ-дәрі тауып алғаны және оны әрі қарай өз үйінде заңсыз сақтағаны анықталды.

2020 жылдың 12 наурызында Ф.Құдажанұлы өз кінәсін мойындады. ҚР ҚК екі бабы бойынша айыпталған оның ісі Есіл аудандық сотында қаралды.

«ҚР ҚК 106 бабы 3 бөлімінің санкциясы 8 жылдан 12 жылға дейінгі бас бостандығынан айыруды қарастырады. ҚР ҚК 287 бабы 3 бөлімінің санкциясы 50 мың АЕК мөлшерінде айыппұл немесе сол көлемде түзету жұмыстарына жегу немесе бес жылға бас бостандығынан шектеу немесе сол уақытқа бас бостандығынан айыруды қарастырады.

Сотпен жазаны тағайындау кезінде ҚР ҚК 55 б. 3 б. талаптары ескерілді, яғни процестік келісімнің барлық шарттары орындалған жағдайда жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін жазаның негізгі түрінің ең жоғары мерзімнің немесе мөлшердің жартысынан асыруға болмайды. Ол осы Кодекстің Ерекше бөлімінің тиісті бабында көрсетілген», - делінген баспасөз хабарламасында.

Нәтижесінде сот үкімімен Ф.Құдажанұлы қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы түпкілікті 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын ол орташа қауіпсіздік жүйесінің қылмыстық-атқару мекемесінде өтейді.

Жәбірленушінің анасына моральдік шығындарын өтеу үшін сотталған Ф.Құдажанұлынан 3 млн теңге өндіріліп алынды. Сондай-ақ сотталушыдан жәбірленушілер қорына өтемақы ретінде 20 АЕК – 53 мың теңге мәжбүрлі түрде өндіріліп алынды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар