СҚО-да азық-түлік бағасы қымбаттады
СҚО статистика департаментінің ақпарынша, қыркүйек айындағы күнкөріс минимумы 30 мың 085 теңгені құрады. Тұтыну қоржыны жыл басынан 22% артқан. Шығынның үлкен бөлігі ет пен балықты алуға, сүт өнімдері мен жұмыртқаға, көкөніс пен жеміс-жидекке тиесілі екен.
Соңғы тоғыз айда инфляция 3,5% жеткен. Ұн, күріш, нан-тоқаш және ұннан пісірілетін кондитерлік тағамдардың, макаронның, жарма мен жұмыртқаның, балық, сүт өнімдері, ет пен жеміс-жидектің бағасы өсті. Соның ішінде банан бірден 22% қымбаттады.
Апельсин мен жүзім аздап арзандады. Сонымен бірге маусымдық көкөністер – қияр, қызанақ, бұрыш пен қызылша бағасы төмендеді. Ал сәбіз, картоп, пияз бен қырыққабат керісінше 15% пен 26% аралығында қымбаттады.
Қымбаттаған тауарлардың ішінде канцелярия, құрылыс материалдары, киім-кешек пен аяқ киім, жууға арналған заттар мен дәрі-дәрмек бар.
Сондай-ақ, солтүстікқазақстандықтар жалға берілетін пәтер үшін, демалыс орындарында көңіл көтеруге және сән салондарында әдеттегіден көбірек ақша төлейтін болады.