СҚО-да бір күнде заңсыз елік атудың екі дерегі тіркелді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында сібір еліктерін заңсыз аулаудың бірден екі дерегі тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Мамлют ауданы полиция бөліміне Есіл ауданындағы аңшылық шаруашылығы қызметкерлерінен елік атқан браконьерлер туралы хабарлама түседі. Екі ауданның шекарасындағы Новое ауылының маңына бірден учаскелік полиция инспекторы, аудандық полиция бөлімінің басшылығы, сондай-ақ табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері барады. Жедел іс-қимыл нәтижесінде аңшылық шаруашылығының қызметкерлері және полицейлер заңсыз аң аулағандарды ұстады. Audi 100 автокөлігінде 1976, 1980 және 1993 жылы туған Мамлют ауданының үш тұрғыны болған. Машина салонынан тіркелмеген екі ұңғылы 12 калибрлі ИЖ-58 аңшы мылтығы және қан іздері бар төсеніш, ал бірнеше метр жүргеннен кейін атылған сібір елігі табылды.

Қазіргі уақытта «Заңсыз аңшылық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктілер келу туралы міндеттемемен босатылды. Бірнеше сараптама тағайындалып, оның нәтижелері бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданды.

Сібір елігін заңсыз аулаудың тағы бір дерегі Шал ақын ауданында тіркелді. Полицейлерге Алқаағаш ауылынан шамамен 8 км жерде сібір елігінің атылғаны жөнінде хабар түседі. Оқиға орнына полиция қызметкерлері жетіп, Алқаағаш ауылының 1977, 1991 және 1993 жылғы үш тұрғынын ұстады. Оқиға орнынан еліктің еті, 12 калибрлі екі гильза, сондай-ақ ВАЗ 2106 автокөлігі алынды. Алынған елік еті сараптамаға жіберілді. Аталған факті «Заңсыз аңшылық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұсталғандарға қатысты келу туралы бұлтартпау шарасы тағайындалды, тергеу жүргізілуде.


Жыл басынан СҚО полицейлері заңсыз аңшылық бойынша 17 қылмыстық іс қозғады.


Соңғы жаңалықтар