СҚО-да бір күннің ішінде 6 интернет-алаяқтық тіркелді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бір күнде 6 адам интернет-алаяқтардан зардап шегіп, жиған-терген ақшасынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 20 сәуір күні интернет-алаяқтыққа қатысты 6 қылмыс тіркелді. Екі жағдайда қылмыскерлер «банктің қауіпсіздік қызметінен қоңырау шалған». Құрбандарын банк шоттарында күмәнді әрекеттер жасалды деп қорқытып, ақшаны сақтап қалу үшін басқа шотты ашу қажеттігі туралы айтқан. Жәбірленушілер өз ақшаларын немесе алаяқтардың нұсқауымен алынған несиені аталған шотқа аударған , келіп түскен sms-хабарламалардан құпиясөздер мен кодтарды айтып, барлық қаржыдан айырылып қалған.

Тағы бір факті тауар мен қызметтерге алдын ала төлем жасаумен байланысты.

Ал Петропавлдың 38 жастағы тұрғыны «Telegram» мессенджеріндегі арналарды қарап отырып, «ақшаны көбейтіп беремін» деген қызметке тап болады. Ер адам қаскөйлермен хат алмасып, оларға 9 мың ресейлік рубль жібереді. Бірнеше күннен кейін оның қаржысы 15 мың рубльге жеткені туралы хабарлама келген. Алайда, хат алмасу кезінде қаскүнем ақшаны алу үшін тағы ақша жіберуді сұраған. Оңай олжаға қызыққан тұрғын қылмыскерге 17 мың рубль жібереді. Бұдан кейін байланыс үзілген.

Алаяқтың құрбанына айналғанын түсінген ер адам полицияға жүгінді. Келтірілген шығын - 157 мың теңгені құрады. Аталған факті «Алаяқтық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

«21 сәуір күні криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері волонтерлермен бірге облыс орталығының көшелеріне шығып, интернет-алаяқтықтың қаупі туралы алдын алу жұмысын жүргізді. Бір күннің ішінде адамдар көп жүретін орындарда, яғни қала орталығындағы, 20 ықшам аудандағы, Береке ықша мауданындағы сауда үйлерінің қасында 600 жадынама таратылды. «Банктің қауіпсіздік қызметінен» қоңырау шалынатын болса, ең дұрысы, тұтқаны қою. Алаяқтар адамдарды өз ырқына көндіре алады, олармен әңгімелесіп, тәуекелге бармаған жөн. Егер шотқа қатысты күмән туындаса, жақын маңдағы банк бөлімшесіне баруға болады», - дейді СҚО Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Андрей Акопян.


Соңғы жаңалықтар