СҚО-да бір тәулік ішінде 30-дан астам адам қар құрсауынан шығарылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті жолдардағы жағдай туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақта бірнеше күннен бері ауа райы құбылып тұрды. Ауа райына байланысты ескерту мен жолдардың жабылуы туралы хабарламаға қарамастан, адамдар қаланың сыртындағы елді мекендерге шығып, қар құрсауында қалған. Кеше ғана ведомство 63 адам құтқарылғаны туралы хабарлаған болатын.

Департамент баспасөз қызметінің хабарлауынша, 23-24 қаңтар күндері Мамлют, Айыртау, Шал ақын мен Ғ.Мүсірепов атындағы аудандардың жолдарынан 31 жолаушысы бар 12 автокөлікті қар құрсауынан шығарып алған.

«Зардап шеккендер жоқ. Қолайсыз ауа райына қарамастан жолдарды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аймақта әлі де бұрқасын», - деп мәлімдеді баспаөз қызметінде.

Еске сала кетейік, Айыртау, Шал ақын, Тимирязев, Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарында 22 қаңтарда сағат 18:00-ден бастап облыстық маңызы барлық барлық бағыттағы жолдар жабылған болатын.

23 қаңтарда сағат 20:45-тен бастап республикалық маңызы бар «Екатеринбург-Алматы» жолының бөлігінде Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Чистополье ауылынан Ақмола облысының шекарасына дейін барлық көлік түрлері үшін қозғалыс шектелді.

23 қаңтардан бастап тәулік бойы жедел штаб жұмыс істейді. Оның құрамына облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау, жергілікті полиция қызметі, төтенше жағдайлар департаменті, «Қазгидромет» өкілдері енгізілген.


Соңғы жаңалықтар