СҚО-да биыл 5 ауыл колледжі заманауи қондырғылармен жарақтандырылады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл білім саласының қажетіне жергілікті бюджеттен 95,6 млрд теңге бөлінді, бұл былтырғыдан 9 млрд-қа артық, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, биыл да білім беру мекемелерін күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жалғасады. Соңғы екі жылда өңірде 249 мектеп жөнделді, бұл – барлық білім ордаларының 50 %-і. Бұл мақсатқа 10 млрд теңге жұмсалды.

«Мектептер жөнделіп жатыр. Атқарылған жұмыстардан кейін балаларға білім алу ыңғайлы болды. Биыл да мектептер жөнделеді. Бұл мақсатқа қаржы бөлінді. Жалпы соңғы үш жылда оқушылар саны 2,5 мыңға артып отыр. Сол себепті жаңа жылда Тайынша ауданында 720 орындық жаңа мектептің құрылысын бастаймыз, ал Петропавлдағы 900 орынға шақталған мектепті пайдалануға береміз», - деді облыс әкімі.

Былтыр барлық мектептер бейнебақылау қондырғыларымен жарақтандырылды. 400 млн теңгеге мектептерге көлік алынды. Биыл 500 млн теңгеге 18 көлік, мектеп жиһазы, спорт құрал-жабдықтары сатып алынбақ.

Жалпы биыл білім саласына жергілікті бюджеттен 95,6 млрд теңге бөлінді, бұл былтырғыдан 9 млрд теңгеге артық.

«Облыс колледждерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуды жалғастырамыз. Қазір 4 колледжде болашақ құрылысшылар, программистер, қырнаушылар, механиктер, электрик пен технологтар жаңа жоғарытехнологиялық қондырғыларда білімдерін жетілдіріп жатыр. Келесі кезекте ауылдың 5 колледжі тұр. Осы мақсатқа 1,4 млрд теңге жұмсаймыз», - деді облыс әкімі.

Бұдан басқа колледж студенттерінің жатақхана мәселесі де шешілмек. 574 орны бар үш жатақхана 2,2 млрд теңгеге күрделі жөнделеді.


Соңғы жаңалықтар