СҚО-да биыл картоп бағасы арзан

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-да биыл картоп бағасы арзан. Жылда осы уақытта көкөністің келісі 200 теңгеге дейін жетсе, биыл көтерме сауда базарларында небары 35-40 теңгеден саудаланып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО статистика департаментінің мәліметінше, былтыр облыста көкөніс алқабы 26,1 %-ке, яғни 41,8 мың га ұлғайды. Оның ішінде картоп алқабы 30%-ке артып, 35,5 мың га көбейді. Нәтижесінде өңірде 600 мыңға жуық тонна картоп алынды. Бұл - 2017 жылмен салыстырғанда шамамен 100 мың тоннаға артық.

Мол өнім қазір жергілікті базарларда арзанға сатылып жатыр. Сатушы Гауһар Шатанованың айтуынша, олар кәсіпкерлерден келісін 30 теңгеден сатып алып, үстінен 5-10 теңге қосып саудалайды. Өнім арзан болғандықтан сатып алушылар да көп. Күніне 20 қапқа дейін сататын кездері болады екен.

«Күзде тұрақтандыру қорына 500 тонна картоп сатып алынып, салынды. Сауда орындарында баға күрт қымбаттап, келісі 70 теңгеге жетіп жатса немесе көкөніс азайып кетсе біз тұрақтандыру қорынан сатуды бастаймыз», - дейді СҚО Кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы Мұрат Нұрқанов.

Картоптың көптігі биыл көкөністің осы түрін сатып, шаш етек пайда табатын кәсіпкерлерге қиын болып тұр. Артылғанын Пәкістан мен Өзбекстанға сататын шаруалардың өнімдеріне сұраныс аз. Биыл көрші мемлекеттерде де көкөніс жақсы шығыпты.

Соңғы жаңалықтар