СҚО-да браконьерлер қабандарды Калашников автоматтарымен атқан

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында орман шаруашылығының қызметкерлері сау, шірімеген орманның ағаштарын санитарлық кесуге берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департамент жетекшісінің бірінші орынбасары Нұрлан Жахин айтты.

СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының сыбайлас жемқорлық қатеріне сыртқы талдау жүргізді.

«Инспекцияға орман қорының тиімді пайдалануына мемлекеттік бақылау жүргізу міндеттелген. 2019 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өндірісінде «Қызылжар» орман шаруашылығының қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс болды. Олар пайда табу мақсатында санитарлық кесуге сапалы, шірімеген орманнан ағаштарды беріп келген», - деді Нұрлан Жахин.

Өткен жылдың тамыз айында осы шаруашылықтың директоры алты жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметте лауазымды иелену құқығынан өмір бойына айырылды. Соттың істі қарауы барысында оның ағашты кесуге рұқсат беру барысында бірнеше рет пара алғаны анықталды.

Жануарлар дүниесіне қатысты былтыр облыста 12 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген, келген шығын 28,2 млн теңге шамасында. Оның тек 3,5 млн теңгесі ғана өндіріліп алынған.

«Инспекция қызметкерлерінің айтуынша, сотқа дейінгі іс жүргізу органдарымен өзара әрекеттің болмауы негізгі мәселелердің бірі. Сондай-ақ қылмыстық құқықбұзушылыққа жол бергендерді анықтауда да қиындықтар туады», - дейді Нұрлан Жахин.

Соның бір мысалы – 2018 жылы қараша айында Жамбыл ауданында болған браконьерлік дерегі. Сол жолы белгісіз біреулер Калашников автоматтарының түрлі модификацияларымен бес қабанды атып кеткен болатын. Әлі күнге дейін браконьерлер анықталған жоқ. Келтірілген шығын мөлшері – 4,5 млн теңге.


Соңғы жаңалықтар