СҚО-да бруцеллез жұқтырған 1,5 мың ірі қара малдың көзі жойылған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО аумағында қауіпті созылмалы мал ауруларының 17 ошағы бар. Оның 16-сы - бруцеллез, біреуі - туберкулез ауруы бойынша, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Былтыр жоспарлы жұмыс барысында және мал аурулары табылған ошақтарды сауықтыру мақсатында 499,3 мың ірі қара мал бруцеллезге зерттелді. Нәтижесінде 1483 бас малдан ауру белгілері табылған. Оның 544-і, яғни 37 % тұрғындардың сиырлары болса, қалғаны агроқұрылымдардың малы.

«Тимирязев және Уәлиханов аудандарында ауруды жұқтыру көрсеткіштері жоғары. Ал, соңғы үш жылдың ішінде М.Жұмабаев, Қызылжар, Ғ.Мүсірепов және Уәлиханов аудандарында ірі қара малда бруцеллез ауруының көбейгенін байқаймыз. Бұл елдімекендерде жұқпалы ауру созылмалы түріне өткен. Бұдан басқа 560 мың қой бруцеллезге зерттеліп, 26-сы ғана ауру болып шықты. Ауру малдың бәрінің көзі жойылды», - дейді СҚО Ветеринария басқармасының жетекшісі Алтынбек Абдоллаев.

Мамандардың мәліметінше, елімізде ірі қара мал арасында бруцеллез ауруын жұқтырудан Батыс Қазақстан облысы 1,26%-бен алда тұр, Қарағанды облысында - 0,54%, Шығыс Қазақстанда - 0,7% болса, Солтүстік Қазақстанда - 0,3%.

«Аурудың тарауына, қауіпті мал аурулары ошақтарының артуына ауыл шаруашылық құрылымдары мен қожалықтардың қарапайым ветеринарлық-санитарлық талаптарды сақтамауы себеп болып отыр. Яғни, мал өсіруде, оны күтіп-баптау, сату және сатып алу мен тасымалдау кезінде қарапайым ережелер сақталмайды», - дейді Алтынбек Абдоллаев.

Жалпы былтыр облыс ветеринарлары аса қауіпті 12 мал ауруына қарсы 2,5 млн жуық ветеринарлық-профилактикалық амал-шарғы жасаған. Зертханаға 30 ауруға қатысты диагностика жасау үшін 1 млн астам биологиялық материалдардың сынамасы алынып, зерттелді. Осы мақсатқа 773 млн теңге жұмсалған екен.

Соңғы жаңалықтар