СҚО-да былтыр 543 адам кәсіпорындардағы оқу орталықтарында қайта даярлықтан өтті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлер палатасы «Адами капиталды дамыту» бағыты бойынша атқарылған жұмыстарды қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, палата, жергілікті атқарушы билік және кәсіпорындар арасында 6 жылдан бері дуальды білім беру бойынша Жол картасы жүзеге асып келді. Нәтижесінде студенттер кейін өздері еңбек ететін кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтеді. Бұл кәсіпорындар да тиімді, өздеріне қажетті мамандарды даярлап алады, ал оларды оқытуға жұмсалатын шығын жергілікті бюджеттен өтеледі.

«6 жылдың ішінде дуальды оқыту Жол картасына облыстан 260 кәсіпорын мен 22 колледж қосылды. Оқу орындарында 8 салаға қажет 27 мамандық оқытылып, 32-сі бойынша біліктілігі арттырылады. 2778 студентті қамтыған 346 үш жақты келісім жасалды», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Арман Оразғұлов.

Жалпы СҚО-да орта арнаулы білім беретін 25 оқу орны бар. Оның төртеуі – жекеменшік. Олар: гуманитарлық-техникалық колледж, Солтүстік Қазақстан университетінің колледжі, СҚО кәсіби дайындау және сервис колледжі, сондай-ақ былтыр «Радуга» ЖШС жанынан ашылған инновациялық кәсіби дамыту колледжі. Соңғысы өз өндірісіне қажет мамандарды жұмыс орнында әзірлеп, жұмысшыларға деген қажеттілікті жою мақсатында құрылған.

Қазір барлық колледждерде 10724 адам білім алып жатыр. Олардың 8370-і мемлекеттік тапсырыс бойынша оқиды. Былтыр 4 мыңға жуық жас оқу орындарынан түлеп ұшты.

Кәсіпкерлер палатасы жыл сайын кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізіп, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды анықтайды.

«2021 жылға қажет мамадықтарды анықтау үшін 1703 жұмыс беруші сұралды. Еңбек нарығына мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін 3462 адам керек екен. Мемлекеттік тапсырысты беру үшін Білім басқармасында 13 адамнан тұратын комиссия құрылған. Олардың 7-уі бизнес өкілдері. Яғни мемлекеттің есебінен маман даярлауда кәсіпкерлердің, ертеңгі жұмыс берушілердің пікірі есепке алынады», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Владимир Литвиненко.

Сұранысқа аса ие кадрларды даярлауда кәсіпорындар жанынан құрылған оқу орталықтарының жұмысы орасан. Бүгінде облыстағы 13 компания осы мүмкіндікті пайдаланып жатыр. Олардың ішінде «Радуга» ЖШС, «Оқушылар және балалар киімінің тігін фабрикасы» ЖШС, «ПЗТМ» АҚ бар.

Былтыр осындай орталықтарды 525 адамды оқыту жоспарланса, іс жүзінде одан 543 маман өтті. Олардың 401-і жұмысқа орналасты.


Соңғы жаңалықтар