СҚО-да экстремизмді насихаттайтын әдебиетті енгізу деректері анықталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ел аумағына діни араздық пен алауыздықты тудыруға бағытталған әдебиетті енгізбек болған шетелдік азаматтар ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы дін саласында заңнаманың бұзылуына жол бермеу үшін жұмыстар атқарады. Облыс аумағына кіретін көліктер тұрақты тексеріледі. Жыл басынан өңірде рұқсат етілмеген әдебиетті енгізудің алты дерегі анықталды.

Қараша айының соңында «Жаңа жол» бекетінде Ресей Федерациясының 38 жастағы тұрғыны мінген «ГАЗель» автокөлігі тексеріліп, машинаның салонынан 9 компакт-дискі табылды. Оның біреуінде экстремизмді насихаттайтын материалдар болған.

«Әкімшілік жауапкершілікке тартылған тағы бесеуі – Қырғызстан Республикасының азаматтары. Олардың барлығы діни алауыздықты қоздыруды мақсат ететін әдебиетті өздерінің жеке қолданысы үшін алып жүргендерін айтқан. Сот олардың барлығын кінәлі деп шешті. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 453-бабы бойынша әкімшілік жаза тағайындалды. Яғни жеке тұлға болса 100 АЕК бастап, ірі кәсіпкерлік субъектісі болса 1500 АЕК мөлшеріне дейін айыппұл төлейді», - деді СҚО ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Руслан Мұхамбетжанов.

Мұндай үлкен мөлшерде айыппұл төлемеу үшін қолдағы діни әдебиетті тексеруге болады. Экстремизмді насихаттайтын, сол себепті республика аумағында пайдалануға тыйым салынған діни әдебиеттің тізімі бар. Ол тізіммен Құқықтық статистика бойынша комитеттің және ҚР Бас прокуратурасының арнайы есеп сайтында танысуға болады.

Жалпы облыста биыл дін саласына қатысты заң бұзушылықтың отызға жуық дерегі анықталды.

Соңғы жаңалықтар