02:47, 01 Шілде 2020 | GMT +6
СҚО-да елді «аруақ шақырып емдеген» екі әйел ұсталды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары діни заңнаманың сақталуына бақылау жүргізу нәтижесінде, жыл басынан бері 7 құқық бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстанда тыйым салынған «Ата Жолы» оккульттік-мистикалық діни ағымды ұстанушы – Петропавл қаласының екі тұрғыны жұртқа дәстүрлі емес емдеу қызметін көрсеткен. Сеансқа келгендерді аруақ шақырып емдеймін деп уәде еткен екі әйел енді 50 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді.
«YouTube» видеохостингіне мониторинг жүргізу барысында діни сипаттағы бейнематериалдарды таратудың дерегі анықталды. Осыған байланысты Петропавл қаласының 50 жастағы тұрғынына қатысты әкімшілік материал жиналды. Мамандандырылған әкімшілік соттың шешімімен оған діни әдебиетті және діни мазмұндағы басқа материалдарды таратуға үш ай шектеу қойылды және 132 мың теңгеден астам мөлшерде айыппұл салынды.