СҚО-да электр желісіне заңсыз қосылған тұрғын қомақты айыппұл төлейді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Пеньково елді мекенінің тұрғыны бір жыл бойы электр қуатын заңсыз пайдаланғаны үшін қомақты айыппұл төлейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, энергетиктер Қызылжар ауданы Пеньково елді мекенінің тұрғыны Валерий Меркушиннің электр қуатын ұрлағанын анықтап, оның мойнына бір жылғы төлемді қайта есептеп артқан. Мұнымен келіспеген тұтынушы электржелілік компанияны сотқа берді.

Энергетиктер Меркушиннің электр қуатын рұқсатсыз пайдаланып жатқанын тексеріс барысында анықтаған. Ол өздігінен үйі мен қора-қопсысын орталық желіге қосып алыпты. Сол жерде акт толтырылып, мамандар оған 650 мың теңге айыппұл салды.

«Есептеу құрылғысына жалғанған кабель бүтін, еш жері кесіліп, қайта жалғанбаған болуы шарт. Тексеріс барысында біз бұл кабельдің зақымданғанын байқадық. Оған қоса, есептегіш құрылғыға қосымша сым жалғап, оны үй мен орамға жіберген. Бұл азамат техникалық талаптарды бұзып қана қоймай, электр энергиясын тегін пайдаланған», - дейді «Солтүстік Қазақстан Электржелілік Тарату компаниясы» АҚ бас директорының орынбасары Евгений Политкин.

Екі жақ бірнеше рет сотта кездесті. Соңғы облыстық сот үкімді энергетиктердің пайдасына шығарып, тұтынушыны 650 мың теңгені төлеуге міндеттеді.

«Мұндай келеңсіз жағдайларға жол бермеу үшін тұтынушылар өз міндеттеріне жауапкершілікпен қараса екен дейміз. Электр қуатын пайдалану тәртібін бұзудың соңы қайғылы аяқталуы мүмкін», - деп ескертеді Евгений Политкин.

Биыл СҚО-да электр энергиясын ұрлаудың 159 дерегі анықталды.

Соңғы жаңалықтар