СҚО-да елге еңбегі сіңген бір топ азамат марапатталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтіп, елдің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар марапатқа ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінен хабарлағандай, жиналыста өңірдің 28 жылда қол жеткізген жетістіктері сараланды. СҚО барлық салаларда биік белестерді бағындырды.

«Қазақстанның 30 жылдағы экономикалық дамуын саралап отырып, ауқымды жұмыстардың атқарылғанын көруге болады. Осыны сақтап, еселеу бізге аманат. 1991 жылдан бері астық көлемі 2 есеге ұлғайды. Тәуелсіздік жылдары облыста 3 млн шаршы метрден астам баспана берілді. Өңірді дамытуға арналған жоспар да өз жемісін беруде», - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Салтанатты жиында елге еңбегі сіңген бір топ азамат марапатқа ие болды. Солардың бірі – Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның «Ақселеу» ЖШС директоры Серік Малаев. «Парасат» орденін кеудесіне таққан кәсіпкер 31 жыл бойы осы шаруашылықты басқарып келеді. Ол 300 млн теңгеге сыйымдылығы 5 мың тонна болатын элеватор салды. Биыл биоқазандықты іске қосып, тұрғын үйлер мен өндірістік нысандарды орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосты. Мемлекеттік бағдарлама аясында оңтүстік өңірлерден қоныс аударушыларға 10 жаңа баспана тұрғызып жатыр.

Ал Тайынша көпсалалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Анатолий Рафальский «Құрмет» орденімен марапатталды. 30 жылдан артық медицина саласында еңбек етіп келе жатқан дәрігер Тайыншадағы аурухананы өңірдегі үздік емдеу мекемелерінің қатарына қоса білді. Биыл мұнда компьютерлік томограф алынып, инсульт орталығы ашылды. Сондай-ақ паллиативті көмек көрсететін бөлімше жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар