СҚО-да ер адам «КамАЗ»-ды мас күйде басқарған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында экскаватор артып алған жүк көлігінің жүргізушісі рульге мас отырғандығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 28 қарашада Петропавлда Мамлют тасжолы мен Рыжов көшесінің қиылысында полицейлер құжаттарды тексеру үшін экскаватор тасымалдап бара жатқан «КамАЗ» көлігін тоқтатқан. Жүргізуші, 58 жастағы Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның тұрғыны екен. Одан спирттік ішімдіктің иісі шығып тұрған. Полицейлер ер адамды медициналық куәландырудан өткізді. Көп тонналы ауыр жүк көлікті басқару барысында жүргізушінің мас күйде болғаны расталды.

Жүк көлігін тәртіп сақшылары арнайы автотұраққа қойды. Жүргізушіге мас күйінде көлік басқарғаны үшін әкімшілік материал жиналды, ол шешім қабылдау үшін сотқа берілді.

Келесі күні Петропавлдың мамандандырылған әкімшілік соты ер адамды 15 тәулікке қамауға алды және 7 жылға көлік басқару құқығынан айырды. Бұл құқық бұзушылық өткен аптада өткен «Мас жүргізуші» жедел алдын алу іс-шарасының соңғы күні анықталды.

«Мас жүргізуші - ықтимал қылмыскер. Жүргізілген жедел алдын алу іс-шараларының мақсаты осындай фактілерді анықтау және жолын кесу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Іс-шара барысында облыс жолдарында ішімдік ішкеннен кейін рульге отырған 32 адам жауапкершілікке тартылды. Оларға заңнамаға сай ең қатаң шаралар қолданылды», - дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Жалпы, «Мас жүргізуші» жедел алдын алу іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері 3 мыңнан астам түрлі жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісін анықтады.


Соңғы жаңалықтар