СҚО-да Есіл тасып, ауыл жолын шайды, 1 мың саяжай үйін су басты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл маңындағы Есіл өзенінің су деңгейі қауіпті деңгейге жақындап келеді. Мамандардың айтуынша, алдағы бірер күнде меже шарықтау шегіне жетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгидромет» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының мәліметінше, бүгін таңғы сағат 8.00-де Петропавл маңындағы Есіл өзенінің су деңгейі 1009 см-ге жетті. Бір тәулікте тек 9 см-ге ғана көтерілген. Қауіпті деңгейге дейін 41 см бар. Облыс орталығында су тасқынының шарықтау шегі, мамандардың болжамынша, бүгін-ертең өтеді.

Бұған дейін тасыған Есіл халықаралық маңызы бар «Челябі-Новосібір» күре жолын шайып кетсе, енді Заречный кентіне барар жолды су басты. Сондай-ақ 1 мыңға жуық саяжай учаскесі су астында қалды.

Қызылжар ауданы Новоникольское елді мекені маңында Есіл өзені 25 сәуірде максималды деңгей – 1346 см-ге дейін көтерілді. Енді біртіндеп түсіп жатыр. Ал одан төмен орналасқан гидрологиялық посттарда әлі де өзен суы көтеріліп келеді. Мәселен, Долматово ауылының маңында 14 см-ге көтерілген.

Облыстың шағын өзендерінде де, Сергеев су қоймасында да су деңгейі түсіп жатыр.

Үлкен Тораңғұл көлінде жағдай тұрақты. Бір тәулікте су деңгейі өзгермеген.


Соңғы жаңалықтар