СҚО-да ғасыр жасаған 10 кейуана тұрады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-да ғасыр жасаған 10 кейуана тұрады. Араларындағы ең үлкені биыл 108-ге толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғасыр жасаған ақ жаулықты аналардың бірі - Уәлиханов ауданындағы Қайрат ауылында ұлының қолында тұрады. Көкіл Жақыпова 1919 жылдың 1 қаңтарында Ресейдің Омбы облысындағы Шербакөл ауданында дүниеге келген. 100-ге қадам басқан әженің бүгінде жүруінен отыруы көп. Көзі көруден қалып, денсаулығы да сыр берген.

«Анам өмір бойы жұмыс істеді. Осындағы 3 бригадада жұмысшыларға тамақ пісірді. Қой шаруашылығында еңбек етті. Зейнет демалысына шыққан соң мектептің еденін жуды. Қолы бір мезет босаса сырмақ тігетін, шәлі тоқитын. Былтыр мен биыл ғана қойды, әйтпесе қолынан инесі мен қайшысын тастамайтын және газет-журналды көп оқитын», - дейді баласы Қайыртай Жақыпов.

Көкіл әже тұрмысқа шығысымен күйеуі Абдоллайыспен Ресейден Павлодар облысына көшіпті. 1956 жылы қазіргі Қайрат ауылына қоныс тебеді. Баласы Қайыртай: «әкем екеуі бір шәй дескен жоқ, ұрысқандарын көрмеппіз. Тату-тәтті өмір сүрді», дейді. Жолдасы Абдоллайыс өмір бойы мал шаруашылығында еңбек етті. Ерлі-зайыпты 4 баланы өмірге әкелгенімен, алғашқы екі қызы ертеректе қайтыс болған екен.

«Бала кезімізде мектептің оқушыларын үйге әкеліп, отырғызып қойып асық ойнататын. Балалармен жақын болды. Жинап әкеліп тамақ беріп жүретін. Екі ауылға бір ғана мектеп болды. Келіп-кетіп оқитын балалардың қарны ашады, соларды үйге әкеліп тамақтандырады», - деп еске алады ұлы Қайыртай.

Баласының айтуынша, Көкіл әженің ұзақ ғұмыр сүруінің бір себебі жайдары, көнтерлі мінезіне байланысты. Өмірдің қандай қиыншылығын басынан өткерсе де жүрегіне жақын алмайды.

Көкіл әже бүгінде 7 немере, оннан астам шөбере сүйіп отыр. Кейуана - еңбек ардагері. Сондай-ақ, «1941-45 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл, 65 жыл, 70 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар