СҚО-да иісшіл иттер синтетикалық есірткіні анықтауға үйретілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 1 маусымнан 30 қазанға дейін жалғасқан «Көкнәр» жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары іс-шара аясында көліктерді, тіркеуге алынған контингентті тексеріп, жедел ақпаратпен жұмыс істеді, ғаламторға мониторинг жүргізді.

Жедел-алдын алу іс-шарасы барлық бөлімдер мен ведомстволардың тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуін қажет етеді. Биыл полицейлер ақпарат алмасуға және операцияны жүргізуде өзара көмекке басымдық берді.

«СҚО Полиция департаменті басшысы Марат Төлебаевтың келісімімен есірткі қылмысымен күресетін басқа да мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесуді жандандырдық. Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен осындай бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде 17,5 кг каннабиоидтерді сатқан екі солтүстікқазақстандықты ұстадық», - дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Жандос Басыбаев.

«Көкнәр» операциясы барысында психобелсенді заттарды сатуға жол бермеу және анықтау баса назарға алынды. Былтыр осындай іс-шара аясында тек 4 дерек тіркелген болса, биыл ірі және аса ірі көлемде есірткі сатудың 13 фактісі анықталды.

«Облыстағы есірткіге қатысты жағдайды талдайтын болсақ, «қара нарықтан» дәстүрлі есірткіні қолдан жасалған синтетикалық психобелсенді заттар ысырған. Осыған орай заңға 5 шілде күні енгізілген өзгертулерге байланысты қолдан жасалған синтетикалық есірткіні таратушылармен күреске басымдық берілді», - делінген баспасөз хабарламасында.

Синтетикалық есірткіні анықтау үшін алғаш рет қызметтік иісшіл иттер қолданылды. Екі ай бұрын кинологиялық қызмет орталығында 3 ит арнайы дайындалды. Жедел-алдын алу іс-шарасына олардың екеуі қолданылып, нәтижесінде тығылған ірі көлемді есірткі анықталды. Қызылжар ауданының күдікке ілінген екі тұрғынының бірін ұстау барысында Буча атты спаниель 700 рет қолдануға бөліп салынған синтетикалық есірткі орамаларын тапты. Белла атты лабрадор Аққайың ауданында есірткі әзірлеп, сатып келген күдіктіні ұстауға көмектесті.

Жалпы операция барысында есірткіге қатысты 61 қылмыс тіркеліп, 321 кг есірткі заттары тәркіленді.

Соңғы жаңалықтар