СҚО-да қанша адам коронавирусқа қарсы вакцина алды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жоспар бойынша қыркүйек айының соңына дейін 300 мың адам коронавирусқа қарсы вакцина алуы қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңірге ақпан айынан бері коронавирусқа қарсы вакцинаның 21 мың данасы түсті. Бірінші компонентімен тұрғындар 100 %-ға жуық егілді. Оның басым бөлігі – 5004 доза медициналық қызметкерлерге салынды. Бұдан басқа 3127 ұстаз, 2391 - құқық қорғау органдарының қызметкерлері, 1272 – созылмалы аурулары бар сырқаттар, 763 – полицей, 309 – мемлекеттік қызметші, 237 – медициналық-әлеуметік және жабық балалар мекемелерінің қызметкерлері, 95 – студент вакцина алды. Ал халықтың үлесі -8 мыңға жуық.

«Вакцинацияның толық курсынан 3 мың 700-ге жуық адам өтті. Аптаның соңында тағы 4 мың доза келеді. Жалпы сәуір айында 17 мың доза жетеді. Сол себепті вакцина дефициті туындамайды», - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.

Жоспар бойынша СҚО вакцинацияны қыркүйек айының соңына дейін толық бітірулері қажет. Осы аралықта өңір тұрғындарының 300 мыңы екпе алмақ.

Бұған дейін облыс тұрғындары арасында коронавирусқа қарсы вакцинаны алуға сұраныстың артқанын айтқан едік.


Соңғы жаңалықтар