СҚО-да карантин талабын бұзғандарға 48 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мониторинг топтары биыл 3,3 мың рейд өткізіп, 700-ге жуық құқық бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпиедиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі күні облыс бойынша 23 мониторингтік топ жұмыс істейді. Жыл басынан Петропавл қаласы және 13 ауданның аумағында мониторинг топтары 3,3 мың рейд жүргізіп, 22,5 мың нысанды тексерді. Нәтижесінде карантиндік және шектеу режимін және санитариялық қағидалардың талаптарын бұзудың 694 дерегі анықталды.

«Жиі кездесетін құқық бұзушылықтар - жеке тұлғалардың маска тағу режимін бұзуы, бұқаралық іс-шараларды өткізу, дезинфекциялық режимді бұзу, келушілерге маскасыз қызмет көрсету, нысандардың жұмыс режимін бұзуы. Аумақтық полиция басқармаларынан келіп түскен материалдар және үйлестіру орталықтарынан түскен шұғыл хабарламалар бойынша аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары кәсіпкерлік субъектілеріне 48 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Жалпы, талапты бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы 706 хаттама толтырылды, 674 айыппұл салынды. Айыппұлдардың жалпы сомасы - 47 797 871 теңге», - дейді СҚО санитариялық-эпиедиологиялық бақылау департаменті техникалық регламенттердің талаптарын бақылау бөлімінің бас маманы Әділ Құрғынбаев.

Соның ішінде айыппұл 2-уі лауазымды тұлғаға, 6 – заңды тұлғаларға, 32 – жеке кәсіпкерге, 634 – жеке тұлғаларға салынған. 16 материал сотқа жолданса, соншасы құқық бұзушылықтың елеусіз болуына байланысты тоқтатылды.

«Қазір өңір «қызыл» аймақта, эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз, санитариялық шаралардың сақталмауынан коронавирус жұқтырғандардың саны күрт артуы мүмкін. Адамдар көп жиналатын жерлерде маска тақпай жүретіндер бар. ҚР және облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлерінің санитариялық қағидалары мен қаулыларына сай әрқайсымыз маска киіп, әлеуметтік ара қашықтықты сақтауға міндеттіміз. Жеке гигиена талаптарын ұмытпай, өзімізді ғана емес, жақындарымызды да қауіпті инфекциядан қорғайық», - дейді Әдір Құрғынбаев.


Соңғы жаңалықтар