СҚО-да карантинге қарамастан шіркеуде үйлену тойы өткізілген

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдағы шіркеуде Петропавл қаласының тұрғындары карантинге қарамастан үйлену тойын ұйымдастырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғындары отбасылық мерекені өткізу үшін Қызылжар ауданындағы Архангельское ауылын таңдаған.

Ауылдық округтің әкімі облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес тойды өткізуге тыйым салынғанын ескерткен. Бірақ ұйымдастырушылар оның ескертуін елемеген. Ауыл әкімі учаскелік полиция инспекторын хабардар етіп, телефон шалған. Ол мониторинг тобымен бірге шіркеуге келіп, тойдың үстінен түсті.

Петропавл қаласының тұрғындары ресми некеге тұрғаннан кейін Қызылжар ауданының Архангельское ауылында шіркеуде неке қиып, тойламақ болған. Мониторинг тобы дастархан басына жиналған қонақтарды фото және бейнежазбаға түсіріп алды.

Учаскелік полиция инспекторы Ерлан Башенов той өткізуге рұқсат берген жергілікті шіркеудің дін қызметкері мен іс-шараны ұйымдастырушы ата-анаға қатысты әкімшілік материал жинады. Карантин талабын бұзуға қатысты шешім қабылдау үшін материалдар Қызылжар аудандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау және қауіпсіздігі бөліміне жіберілді.

«Қызылжар ауданында осындай төртінші оқиға тіркеліп отыр. Халық мұндай мерекелер арқылы коронавирус инфекциясының таралуына ықпал ететінін ойламайды. Ауданда прокуратура, әкімдік, полиция қызметкерлері, санитарлық-эпидемиологиялық мамандар кірген мониторинг тобы жұмыс істеп жатыр. Аудан тұрғындары да жиын-той өткізгендерді анықтауға көмектесіп келеді», - дейді Қызылжар ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Жәнібек Мұхамадиев.


Соңғы жаңалықтар