СҚО-да кәсіпкер туған ауылына оралып, елді мекенді дамытуда

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Прекрасное елді мекені жергілікті кәсіпкердің арқасында дамып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов бұл жайында әлеуметтік желідегі өз парақшаларында жазды.

«Бүгінгі посттың кейіпкері - Бақыт Құсайынов. 9 жыл бұрын Бақыт Айыртау ауданындағы өзі туған Прекрасное ауылына көшіп келді. Содан бері ол ауыл шаруашылығын дамыта отырып, туған ауылын дамытумен де айналысып келеді. Болашағы жоқ ауылдардың санатындағы елді мекенге жан бітіріп, қалпына келтірді», - деп жазды облыс әкімі. ⠀
Қазір бұл ауылда 600 сиырға арналған заманауи сүт фермасы салынып жатыр. Былтыр жаңадан 11 баспана тұрғызылды. Биыл кәсіпкер тағы 10 үй көтеріп, шағын орталық, дүкен, фельдшерлік-акушерлік пункт ашуды жоспарлап отыр.

«Бақыт Құсайынов – өз Отанының нағыз патриоты. Ол сөздің емес, істің адамы. Бақыт Құсайыновқа алғыс айтамын. Ауылда қалай жұмыс істеу керектігі жөнінде басқалар одан үлгі алуы керек. Туған ауылына оралып, барлығын қайта іске қосып жатыр. Ауылдастарына тұрғын үй салып берді. Оларға жұмыс істеу үшін жақсы жағдай жасауда. Ал иесі бар ауылдың болашағы айқын», - деді Құмар Ақсақалов.

СҚО әкімі бюджет есебінен елді мекенге асфальт жол салып беруге уәде етті.


Соңғы жаңалықтар