СҚО-да кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 62,4 млрд теңгенің келісіміне қол қойылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Кәсіпкерлер мен инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларының бірі - «PROTECTING BUSINESS AND INVESTMENT» жобасы аясында СҚО-да 62,4 млрд теңгенің келісіміне қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«PROTECTING BUSINESS AND INVESTMENT», яғни кәсіпкерлер мен инвесторларға нақты көмек жобасының мақсаты қолайлы инвестициялық ахуал жасау және бизнес пен инвесторлардың билік өкілдеріне сенімін арттыру.

«Жоба шеңберінде Инвесторды мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері толық сүйемелдейді. Негізгі бағыттары - кәсіпкерлерді құқықтық қорғау, бизнес үдерістерді оңтайландыру, реттеуге ықпал ету, қоғамдық бақылау және инвесторлардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттылығын арттыру. Департамент барлық қолжетімді ресурстарды пайдалана отырып, кәсіпкерлерді және инвесторларды кез келген «қысымнан» қорғауға барынша ықпал етеді», - дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің бас маманы Амангелді Сатанов.

Жобаға қатысуға ниет еткен барлық инвесторлармен және кәсіпкерлермен келісім жасалады. Оның шеңберінде департамент пен инвестор өздеріне бірқатар міндеттемелер алады. Мысалы, кәсіпкер өз мәселесін шешу үшін пара бермеуге келіседі.

СҚО-да «Радуга» ЖШС, «Мәмбетов и К» КС, «BioOperations» ЖШС, «Тайынша май» ЖШС, «ЕМС -агро» ЖШС, «Северный строитель» ЖШС, «Казмел» ЖШС, «Голубь» ЖК сияқты 8 жергілікті және шетелдік инвесторлармен жалпы сомасы 62,4 млрд теңгенің келісіміне қол қойылды. Жоба іске қосылғаннан бері облыс кәсіпкерлерінен 25 өтініш келіп түскен.

«BioOperations» ЖШС шетелдік жұмысшыларға виза беруге қатысты өтініш білдірді, мәселе оң шешілді. Сондай-ақ, Ғ. Мүсірепов ауданының Привольное ауылында жер телімін рәсімдеуге қатысты «Голуб» ЖК мәселесін шешіп бердік», - дейді Амангелді Сатанов.

Кәсіпкерлер жоба аясында мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес сұрап, жүгіне алады. Бұл орайда облыстық кәсіпкерлер палатасының көмегі зор.

Соңғы жаңалықтар