СҚО-да кәсіпкерлерге сүт фермасын ашуға жеңілдетілген несие беріледі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында келер жылы 10 сүт фермасы салынады, нәтижесінде қосымша 300-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл СҚО белгіленген межені артығымен орындап, 630 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін шығарды. Бұл осыдан үш жылғы көрсеткіштен 1,5 есе артық. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың пікірінше, ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру, дәнді дақылдардың жаңа түрлерін егу, сүт фермаларын көптеп салу – өз нәтижесін беріп жатыр.

Тек биыл өңірде 3 цифрлы сүт фермасы пайдалануға берілді. Алдағы жылы олардың қатарына тағы оны қосылады. Қазір Қызылжар, М.Жұмабаев, Айыртау аудандарында екеуден салынып жатса, Ғ.Мүсірепов ауданында біреуінің құрылысы басталды. «Қызылжар-Сүт» ЖШС сүт кешені 720 басқа арналған. Кәсіпкер нысанның құрылысына 2,1 млрд теңге жұмсайды. Бүгінге дейін қора-қопсы салынды, қазір қондырғыларды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Австриядан 360 тайынша әкелінеді деп жоспарланған. Келер жылы маусым айында іске қосылатын фермада қосымша 35 жұмыс орны ашылмақшы.

«Сүт фермалары өңірде көптеп ашылуы керек. Нәтижесінде тұрақты жұмыс орындары ашылады. Тұрғындар жыл бойы жұмыспен қамтылады. Тағы бір тиімді тұсы – сүт өндірісімен бірге жемшөп базасы да дамиды», - дейді Құмар Ақсақалов.

СҚО-да мал шаруашылығына қатысты жобаларды жүзеге асыратындарға келер жылдан бастап жеңілдетілген несие берілмекші.

«Шаруашылықтардың шығынын азайту мақсатында келер жылдан бастап төмен пайызбен несие береміз. Қайтару мерзімі де кәсіпкерлерге ыңғайлы болмақ. Осы мақсатқа бюджеттен 1 млрд 800 млн теңге бөлдік. Ауылдарда мәселен, сүт фермаларын ашатын болса 200 млн-нан 250 млн теңгеге дейін береміз», - дейді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Елді мекендерде сүт фермаларының ашылуымен 300-ден астам тұрақты жұмыс орны пайда болмақ.

Соңғы жаңалықтар