СҚО-да қазақ тілі үйірмелеріне сұраныс артқан

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстанда тұрғындар тарапынан қазақ тілінің курстарына сұраныс артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында СҚО әкімдігінің отырысында белгілі болды. Жиында тілдерді дамытуға арналған бағдарламаның жүзеге асырылу жайы талқыланды.

Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда облыста қазақ тілін меңгеруді мақсат еткендердің саны артқан. Егер 2016 жылы тілдерді оқыту орталығында курсты 2 мың адам тәмамдаса, қазір орталықта 2800 солтүстікқазақстандық оқып жүр. Тілді орта деңгейде оқып жатқан адамдардың да саны осы аралықта 11 ден 30 топқа дейін жеткен.

Бағдарламаны жүзеге асыру кезінде 15 мыңнан аса адам «Қазтест» сертификатына ие болды. СҚО әкімінің айтуынша, бұл жұмысқа облыс тұрғындарын көптеп тарту қажет.

«Жыл сайын міндетті түрде өсім болу керек. Өйткені, мемлекет осы мақсатқа көп қаражат жұмсауда. Тіл үйрену үшін арнайы механизмдер жасалған», - деді Құмар Ақсақалов.

Сондай-ақ облыста қазақ тілінде білім алып жатқан оқушылардың да саны көбейген. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш 59-дан 69% дейін артты. Былтыр мектеп түлектерінің 76 пайызы қазақ тілін В1 деңгейінде меңгерсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 70% құраған екен.

Соңғы жаңалықтар