СҚО-да қоғамдық кеңес азық-түліктің қымбаттауын назарға алды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының бағыттарын іске асыру мақсатында құрылған Аграрлық секторды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес азық-түлік бағасының өсу мәселесімен айналысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Nur Otan партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, аграрлық секторды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің бірінші отырысында алдағы уақытқа арналған міндеттер айқындалып, кеңестің 2021 жылға арналған жұмыс жоспары қабылданды.

Өңірлік сайлауалды бағдарламада ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2,7 млн теңгеден 4,5 млн теңгеге дейін ұлғайту, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдауды 43 млрд теңгеден 55 млрд теңгеге дейін жеткізу, 16 инвестициялық жобаны іске асыру, оның ішінде 11 сүт фермасын, 2 бордақылау алаңын, құс фабрикасын салу көзделген. Кеңес төрағасы Геннадий Зенченконың айтуынша, бұл жұмыстарға нақты бақылау қажет.

«Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – азық-түлік бағасының өсуі. Іс жүзінде барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша бағаның көтерілгені байқалады. Былтырдан бастап жұмыртқа, өсімдік майы, жарма, ет, ұн, көкөністер мен жемістердің бағасы өскенін көріп отырмыз. Бұл ең алдымен, шикізаттың жетіспеушілігімен және ауылшаруашылық өңдеудің дамымауымен байланысты», - дейді Геннадий Зенченко.

Қоғамдық кеңес төрағансы кеңесте уәкілетті органдармен бірлесіп ет-сүт фермаларын, құс фабрикаларын, жылыжай салу және жаңғырту, егіс алқаптарын кеңейту есебінен өндіріс қуатын арттыруды, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту мәселелерін қарауды ұсынды. Сайлау алдындағы міндеттемелерге мониторинг жүргізумен қатар кеңес мүшелерінің алдына ауыл шаруашылығы саласындағы резонанстық мәселелерді шешу міндеті қойылды.

«Мысалы, жақында мал жаю үшін жайылымдық жерлерді қайтару, сумен қамтамасыз ету, бағаның өсуін тежеу және т.б. бойынша өтініштер түсуі мүмкін. Бұрын қоғамдық қабылдауға пайларын ала алмай жүрген тұрғындар келетін. Енді мұндай мәселелерді кеңесте көтеріп, шешу керек», - дейді Геннадий Зенченко.

Жалпы СҚО-да Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының бағыттарын іске асыру мақсатында 12 өңірлік кеңес құрылған. Оның құрамына мәслихат депутаттары, партия жақтастары, белсенділер, сарапшылар, блогерлер, қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдері кірді. Бұдан басқа, Петропавлда және облыстың 13 ауданында 141 аумақтық кеңес құрылды. Жалпы, кеңес құрамына 800-ден астам адам кіреді.

Соңғы жаңалықтар