СҚО-да көктемгі су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқынының жағдайын бағамдау мақсатында мамандар тікұшақпен аумаққа мониторинг жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2-3 сәуірде өңірдегі су тасқыны жағдайын байқау мақсатында су тасқыны қаупі бар аймақтар тікұшақтан бақыланды. ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин, СҚО әкімінің орынбасары Антон Федяев, ІІМ ТЖК СҚО ТЖ департаментінің бастығы Рамиль Камалов Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Шал ақын, Есіл және Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласының аумағынан ұшып өтті.

Мамандар Имантау, Кіші Тораңғыл және Үлкен Тораңғыл көлдеріндегі мұз жағдайын бағалады. Сондай-ақ, Сергеев су қоймасының бөгеті де назардан тыс қалмады. Облыстың басты су артериясы – Есіл өзені мен оның тармақтары - Шарық, Ақанбұрлық, Бабықбұрлық, Иманбұрлық, Жембарақ, Қамысақты өзендері биыл да арнасынан аспақ.

«Жағдай шиеленіскен жағдайда қолға алынатын іс-шаралар жоспарын пысықтап, кейбіріне түзету енгізілді. Жалпы, ылғал қоры облыстың оңтүстік өңірінде – Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Тимирязев аудандарында мол. Ал өңірдің орталық, солтүстік және солтүстік-шығыс бөліктерінде қар түгелдей дерлік еріп кетті», - делінген баспасөз хабарламасында.

Облыс аумағында су тасқынымен күресте жедел әрекет ету үшін құрамында 484 адам, 155 техника, 8 жүзу құралы және 72 мотопомпа бар ТЖД күштері мен құралдары тобы дайын.

Өңірдің оңтүстік аудандарында көктемгі су тасқыны басталды.

Осыған орай, Ғ.Мүсірепов, Уәлиханов және Айыртау аудандарына ТЖД ведомстволық бағынысты бөлімшелерінен 9 техника, жеке құрамнан 40 адам, 5 жүзу құралы және 7 мотопомпа шоғырландырылды.





Соңғы жаңалықтар