СҚО-да көпқабатты баспана мен шағын орталық пайдалануға берілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласында 100 пәтерлі тұрғын үй мен «Нұр-бөбек» бөбекжай-бақшасы пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Құмар Ақсақалов Береке ықшамауданындағы 100 пәтерлі үйдің тұрғындарымен кездесіп, қоныс тоймен құттықтады. Көпбалалы, толық емес отбасыларға, мүгедектерге, жетімдер мен соғыс ардагерлеріне жалдамалы-коммуналдық пәтер берілді.

«Биыл 8 мыңнан аса адам пәтерге ие болды. Оның ішінде 126-сы көп балалы отбасы. 3 жылда көпбалалы отбасыларды баспанамен толық қамтамасыз етеміз», - деп жазды өңір басшысы жеке парақшасында.

Мамандардың мәліметіне сүйенсек, биыл 2240 пәтерді қолданысқа беру жоспарланған. Ал келесі жылы 2842 пәтер салынбақшы.

Бұл күні Петропавлда жаңа шағын орталық та салтанатты түрде ашылды. «Нұр-бөбек» атты бөбекжай-балабақша 3 жасқа дейінгі сәбилерді қабылдайды. Жаңадан салынған көп пәтерлі тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан орталық 44 балаға шақталған. Олардың тәрбиесімен 16 маман айналысады.

«Бүгінде 3 пен 6 жас аралығындағы барлық балалар балабақшаға барады. Ендігі мақсат: 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндері қамтамасыз ету. Бұл үшін көпқабатты үйлерде шағын орталықтарды ашатын боламыз», - деді Құмар Ақсақалов.

Бөбекжай бақшада балғындар 4 мезгіл тамақтанады. Бағасы 12-16 мың теңге шамасында болмақ. Көп пәтерлі үйдің бірінші қабатында орналасқандықтан тұрғындар үшін өте ыңғайлы. Ал келер жылы өңірдегі балабақшаларға бюджет есебінен күрделі жөндеу жүргізілмек.

Соңғы жаңалықтар