СҚО-да коронавируспен күресте көзге түскен медицина қызметкерлері марапатталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус инфекциясымен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлері түрлі марапатқа ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен қызметкерлері ведомстволық наградалармен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен марапатталды. Салтанатты жиында өңірдің 30 медициналық қызметкері қошеметке ие болды.

Коронавирус індетімен күресте бұл жандар тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн жұмыс істеп жатыр. Нәтижесі де жоқ емес. СҚО вирус жұқтырғандар саны бойынша соңғы орында тұр. Қауіпті аурудан қаза тапқандар жоқ.

Мамандардың айтуынша, өңірде COVID-19 жұқтырудың 39 жағдайы тіркелді. Олардың отызын дәрігерлер емдеп шығарды. Қазір провизорлық бөлімшелерде – 41, карантиндік стационарларда – 72 және үй карантинінде 337 адам отыр.

Жалпы облыста 7 мың 660 адам індетке байланысты дәрігерлердің бақылауына алынып, оның ішінде 6 мың 867 адам бүгінде оқшаулаудан шығарылды.

COVID-19 күресте өңірде үш жұқпалы аурулар бөлімшесі жұмыс істеп жатыр. Бұл бөлімшелерде 126 медициналық қызметкер еңбек етуде. Үш провизорлық бөлімшеде 138 және 1 мыңнан астам орынға шақталған 15 карантиндік стационарда 243 маман жұмыс істейді.

Бұдан басқа 276 медициналық қызметкер облыс аумағында құрылған блокпостарда еңбек етті.


Соңғы жаңалықтар