СҚО-да мас күйде көлік жүргізген ауыл тұрғыны қамауға алынды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында екі ай өтпей қайта мас күйде көлік жүргізгені үшін Сухорабовка ауылының тұрғыны қамалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 қарашада Шал ақын ауданы полиция бөлімінің патрульдік полиция қызметкерлері дала жолында келе жатқан көлікті тоқтатады. Рульде Сухорабовка елдімекенінің 30 жастағы тұрғыны отырған. Медициналық куәландыру жүргізушінің алкогольдік мас күйде екендігін көрсетті.

Тексере келе, оның бұған дейін де көлікті мас күйде жүргізгені анықталды. Сол үшін 2018 жылы Ақмола облысының Бурабай аудандық сотымен үш жылға көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған екен. Алайда бұл оқиға оған сабақ болмаған сияқты. Заңды елемей ол рулге қайта отырған.

Биыл қыркүйекте Шал ақын аудандық соты ауыл тұрғынын өмір бойына көлік құралын жүргізу құқығынан айырып, 2 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарды. Енді міне, екі ай өтер-өтпестен қайта мас күйде ұсталды.

Шал ақын ауданының тергеу судьясы күдіктіге қатысты екі айға қамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Ол ұсталып, Шал ақын ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Жыл басынан ҚР Қылмыстық кодексінің «Көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік масаң күйдегі адамның көлік құралын жүргізуі» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне 69 материал енгізілді. Екі жағдайда заңды елемегендерге қатысты «қамаққа алу» бұлтартпау шарасы таңдалды.


Соңғы жаңалықтар