СҚО-да майлы дақылдардың 74 пайызы жинап алынды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында шамамен 3 млн тонна бидай жинап алынса, майлы дақылдардың 444 мың тоннасы бастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, бидай шашаусыз жинап алынды, алдын ала деректер бойынша 3 млн тоннадан астам астық бастырылды, гектарынан орта есеппен 11 центнерден өнім алынды. Қазіргі уақытта алқап басында майлы дақылдардың орағы қызған. Майлы дақылдар 709,7 мың га немесе 74,1 %-ы жиналды, 444 мың тонна бастырылды, гектар берекелілігі - 6,2 центнер.

«Жем-азық қысқа жоспарлы түрде әзірленіп жатыр. Қажеттілік 850 мың тонна болса, 853 мың тонна шөп дайындалды. Сондай-ақ артығымен - 203,2 мың тонна пішендеме, 196,1 мың тонна сүрлем әзірленді. Ал сабан бойынша қажеттілік 784 мың тонна болса, соның 730,3 мың тоннасы жиналды. Сондай-ақ керекті 764,6 мың тонна жемнің жартысынан астамы бар. Тұрғындар 100 % жем-азықпен қамтылды», - делінген хабарламада.

СҚО бойынша 389,4 мың тонна картоп, 73,2 мың тонна көкөніс жиналды. Өнімділігі шамамен гектарынан 130 центнер.

Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары жаңа бидайдың 899 мың тоннасын қабылдады. Облыс бойынша азық-түлік корпорациясы 348,5 мың тонна бидайды форвардтық сатып алуға келісім-шарт жасаған. Бүгінгі күні азық-түлік корпорациясына тапсыру үшін желілік элеваторларға 164,9 мың тонна астық жеткізілген.

Қазіргі уақытта келесі жылдың көктемгі егісіне дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мамандардың айтуынша, агрохимиялық шаралардың қажетті кешені толық көлемде жүргізілді. Жерге 158,5 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыштар себілді. Жоспар бойынша 2,5 млн га-ға 160 мың тонна енгізілуі керек, бұл өткен жылдан 25 мың тоннаға артық. Сондай-ақ келесі жылға 482,6 мың тонна тұқым әзірленді, жалпы 500 мың тоннаға жуық астық осы мақсатқа сақталмақ.


Соңғы жаңалықтар