СҚО-да медициналық қызметтер бойынша 32 жол картасы әзірленуде

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – СҚО-да медициналық қызметтің түрлі бағыты бойынша 32 жол картасы және 3 жедел жоспар жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соның ішінде асқынған миокард инфаркті мен инсульт кезінде көрсетілетін медициналық қызметтерді дамытуға басымдық берілген.

«Облыста асқынған миокард инфарктінен қайтыс болу көрсеткіші - 20,6%, 101,48-ден 80,61-ге азайды. Бұл дерттен болатын өлім 6,7% -тен 4,8%-ке түсті. Қайтыс болғандардың 58,3% - жасы 70-тен асқандар. 48 мыңнан астам адам скринигтен өтсе, солардың 1400-ге жуығынан дерт анықталып, есепке алынды», - дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тимур Сұлтанғазиев.

Облыстық кардиологиялық орталықта 8 жылдан бері тұрған цифрлық ангиограф жыл соңына дейін заманауи, жаңасына ауыстырылады. Осы мақсатқа 467 млн теңге бөлінген.

Қазан айында Тайынша ауданында инсульт алғандарға 2-ші деңгейлі көмек көрсету орталығы ашылып, компьютерлік томограф орнатылды. Мамандардың айтуынша, сұраныс жоғары, бүгінге дейін қондырғыда 116 зерттеу жүргізілген.

Облыстық ауруханада ми қан айналымы бұзылған сырқаттарға 3-ші деңгейлі көмек көрсететін орталық ашу жоспарланған. Осыған байланысты 549 млн теңгеге заманауи МРТ аппараты және мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ангиограф сатып алынбақ.

Алайда дәрігерлер жетіспеушілігі - өзектілігін жояр емес. Облыстың емдеу мекемелері тек 65,8% ғана кардиолог мамандармен қамтылған. Биыл өңірге тек 2 кардиолог қана келді. Қазір қаланың барлық емханалары және 1 аудандық орталық аурухана ғана кардиологтармен толық қамтылған. Ал қалған 12 аудандық орталық ауруханаларда олардың міндетін 4 және 6 айлық курстардан өткен басқа дәрігерлер атқарып жатыр.

Соңғы жаңалықтар