СҚО-да мектептер 1 наурыздан бастап аралас сабақ беру режиміне көшуі мүмкін

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Қызылжар ауданы Соколовка ауылынан басқа елді мекендерде карантиндік шектеулер жеңілдетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО бас мемлекеттік санитар дәрігері Әсет Жұматаев брифингте 28 ақпан күшіне енетін жаңа қаулыға қатысты түсінік берді.

Өңірде коронавирусқа қатысты жағдайдың тұрақтанып, «жасыл аймаққа» өтуіне байланысты бірқатар нысанға демалыс күндері де жұмыс істеуге рұқсат берілді.

Алайда бұл жеңілдіктің Қызылжар ауданындағы Соколовка елді мекеніне қатысы жоқ. Өткен аптада бұл ауылда тағы екі адамда КВИ анықталды. Сол себепті карантиндік шектеулерді әлі де сақтауға шешім қабылданды.

Жалпы коронавирус инфекциясының таралуына байланысты өңірде қазір 10 мектеп қашықтан білім беріп жатыр. Олар: Қызылжар ауданындағы Соколовка, Сивково, Кустовское орта мектептері, М.Жұмабаев ауданындағы Қарақоға, Полтавское, Еңбекшіқаза орта мектептері және Пролетарское бастауыш мектебі, Тайынша ауданындағы Ильичевка, Уәлиханов ауданындағы Бидайық және Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Салқынкөл орта мектептері.

«Жаңа оқу жылы басталғалы 600 оқушыда КВИ анықталды. Олардың 259-ы қашықтан оқыса, қалғандары дәстүрлі түрде мектепте білім алған. Ал мұғалімдердің арасында 109-ы қауіпті инфекцияны жұқтырды. Олардың 73-і сабақты мектепте берсе, қалған 36-сы онлайн сабақ өткізген», - дейді Әсет Жұматаев.

СҚО-ның бас санитар дәрігерінің айтуынша, коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы азайып немесе қазіргі қалпында сақталатын болса, 1 наурыздан бастап мектептер аралас сабақ беру режиміне көшуі мүмкін. Яғни негізгі пәндер мектепте оқытылады. Бүгінде өңір мектептерінде кезекші сыныптар мен мектеп бітіретін түлектер ғана дәстүрлі түрде білім алып жатыр.


Соңғы жаңалықтар