СҚО-да мемқызметшілердің саны 15 пайызға қысқартылмақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл соңына дейін мемлекеттік қызметшілердің саны 15 %-ға дейін қысқармақ. Негізінен қазіргі уақытта бос тұрған лауазымдар есебінен оңтайландырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы Елена Степаненко ведомство жұмысының 9 айын қорытындылады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта өңірде 4 мыңға жуық мемлекеттік қызметші бар.

«Мемлекет басшысы алға қойған міндеттердің бірі – мемлекеттік аппаратты кезең-кезеңмен оңтайландыру. Санын азайту арқылы ұтқырлықты арттырып, үдерістерді оңтайландыруға қол жеткізілмек. Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін іске асырылады. 1 шілдеден бастап жергілікті мемлекеттік органдар мемлекеттік қызетшілерінің еңбекақысы өсті. Осылайша орталық пен өңірлер арасындағы еңбекақы алшақтығын 70 %-ға қысқарту мүмкін болды. Жаңа жүйеде лауазым деңгейі ғана емес, сондай-ақ функционалдық міндеттерді атқару күрделілігі, тиісті құзыреттерінің болуы ескеріледі. Сондай-ақ қызметкердің өкілеттігі және жауапкершілігі де есепке алынған», - дейді Елена Степаненко.

Қабылданған іс-шаралар білікті кадрларды тартуға және мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін арттыруға көмектеспек.

«Жыл соңына дейін 15 % мемлекеттік қызметшіні қысқарту міндеті тұр. Оңтайландыру негізінен қазіргі уақытта бос тұрған лауазымдар есебінен жүргізіледі. Бүгінгі таңда 700 мемлекеттік қызметшінің орны бос. Ең алдымен бұрыннан бос орындар қысқартуға кетеді. Осылайша қазір жұмыс істеп жүргендердің аз ғана бөлігін ықшамдаймыз. Мемлекеттік органдарға осыған қатысты бірнеше ұсыныс берілді. Яғни қысқартуға іліккендерді жұмыспен қамту, әлеуметтік аз қамтылған санатқа жататын қызметшілерді қорғау. Еңбек кодексіне байланысты жүкті әйелдер, 3 жасқа дейінгі балалары барлар, жалғызбасты аналар, зейнетақыға 2 жыл қалғандар қысқартылмайды. Біз заңның орындалуын бақылауға алдық. Ал қысқартуға ілікендердің мемлекеттік қызметте 3 жыл еңбек өтілі болған жағдайда өтемақы алады», - дейді департамент басшысы.

Мемлекеттік аппаратты оңтайландыру былтыр басталды. Облыс деңгейінде 8 басқарма қайта құрылса, аудандарда 33 бөлім ықшамдаудан өтті. Жалпы, қаңтар айынан бастап мемлекеттік қызметке конкурс арқылы 443 адам алынса, олардың 34 %-ы – 30 жасқа дейінгі жастар. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер арасында тест тапсыруға үміткерлер саны 35 %-ға артып отыр.
Соңғы жаңалықтар