СҚО-да мемлекеттік қызметшілер ым тілін меңгеріп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік қызметкерлер үшін «Ым-ишара тілінің негіздері» атты тегін курс басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, департаменттің бастамасымен ұйымдастырылған ым тілінің курсы онлайн форматта өтіп жатыр.

Ым тілін меңгеру курстарына халыққа мемлекеттік қызмет түрлерін ұсынатын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметкерлері қатысады.

«Мемлекеттік қызметшілерге тәжірибелі сурдоаудармашылар дәріс оқиды. Тыңдаушылар дактильді әліппені меңгереді. Қазір 30 адам курста оқып жатыр. Олар аудандық халыққа қызмет көрсету орталықтарының, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері және әкімдіктердің өкілдері», - дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің бас маманы Әсел Әубәкірова.

Сабақ аптасына екі рет 2 сағаттан өтеді.

«Дактильді сөйлеудің басты ерекшелігі – нақтылық. Әр жағдайдың өз ым-ишарасы бар. Ым арқылы заттарды ғана емес, құбылыс, оқиғаны да көрсетуге болады. Егер адам қолын қимылдатып ым жасаса, ол белгілі бір іс-қимылдың белгісі. Ым-ишара бейнелеп қана көрсетеді. Мысалы, үйді көрсету үшін адам қолын шатырға ұқсайтындай етіп бүгеді. Ал сүйіспеншілікті білдіру үшін саусақтарын жүрек тұсына қояды», - дейді сурдоаудармашы Нағима Саутова.

«Ым-ишара тілінің негіздері» атты тегін курс 28 шілдеге дейін жалғасады. Курс аяқталған соң тыңдаушылар емтихан тапсырып, тиісті сертификатқа ие болады.

Мұндай дәрістер былтыр да ұйымдастырылған еді. Бүгінде курстардан өткен мемлекеттік органның 101 қызметкері осындай сертификатқа ие.


Соңғы жаңалықтар