СҚО-да мұғалімдер олимпиадасы басталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында пән мұғалімдері арасында дәстүрлі олимпиада өтіп жатыр. Биыл оған аудандық кезеңнің 100-ден аса жеңімпазы қатысқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО білім басқармасының мәліметінше, пән мұғалімдерінің облыстық олимпиадасы 25-31 наурыз аралығында өтеді. Бұған дейін аудандық кезеңі өтіп оған 2 мыңнан астам ұстаз қатысты. Облыстық сайыста үздік танылған 100-ден астам ұстаз бақ сынап жатыр. Бұл шара тек Солтүстік Қазақстанда ғана 2019 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

«Бұл олимпиада пән мұғалімдері қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылған. Өткен жылы тек химия және биология пәні мұғалімдерінің арасында өткізілді. Ал биыл ауқымы кеңейіп, 8 пәнді қамтыдық. Олимпиада облыстың үздік те, талантты мұғалімдерін қолдау мақсатында өткізіледі. Жеңімпаздар марапатталып, сертификаттар алады», - дейді СҚО білім саласындағы әдістемелік орталық және ақпараттық технологиялар орталығы директорының орынбасары Айгүл Жылқожина.

Биыл мектеп мұғалімдері биология, физика, математика, тарих, химия, география, қазақ тілі пәндері бойынша және бастауыш сынып ұстаздары олимпиадаға қатысып жатыр. Солардың бірі – 20 жылдық еңбек өтілі бар Ақерке Шоқаева. Ол Қызылжар ауданы Озерное орта мектебінде биология пәнінен сабақ береді.

«Мен бірінші рет қатысып жатырмын олимпиадаға. Өткен аптада аудандық кезеңге қатысып, тест тапсырдым, портфолио қорғадым. Мұндай сайыстар мұғалімдерге керек деп ойлаймын. Біліктілігімізді арттырып, өз дәрежеміздің қандай деңгейде екенін білеміз», - дейді Ақерке Шоқаева.


Соңғы жаңалықтар