СҚО-да «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыруға биыл 15,6 млрд теңге бөлінді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 5 коммуналдық жалға берілетін және 18 несиеге берілетін тұрғын үй салынбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметі бойынша, былтыр «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылысқа 14,6 млрд теңге бөлінді.

Нәтижесінде тұрмысы нашар отбасыларға және әкімдік кезегінде тұрғандарға арнап бұл қаражатқа 8 коммуналдық-жалға берілетін үй салынды.

Сондай-ақ «Береке-2» ықшам ауданында 300 пәтерлік 3 үйдің құрылысы басталды. Қалған ақшаға «Жас Өркен», «Береке-2», «Оңтүстік» ықшамаудандарында және «Солнечный ІІ» кентінде көпқабатты үйлерге инфрақұрылым тартылып, көгалдандыру жұмыстары атқарылған.

«2020 жылдың қорытындысы бойынша 306 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 3 300-ден астам пәтер пайдалануға берілді. 12 мыңнан астам солтүстікқазақстандық тұрғын үй жағдайын жақсартты. 2021 жылы тұрғын үй құрылысына бюджеттен 15,6 млрд теңге бөлінді. 340 мың шаршы метр тұрғын үй немесе шамамен 3 700 пәтер салу жоспарланған. Тұрғын үй облыс орталығында ғана емес, ауылдық жерлерде де пайдалануға берілді. Өткен жылы бюджет есебінен 609 үй салынды.

Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға биыл да қомақты сома – 15,6 млрд теңге бөлінді. Аудан орталықтарында және Петропавлда 5 коммуналдық жалға берілетін және 18 несиеге берілетін тұрғын үйді салу жоспарланған», - дейді СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының баспасөз хатшысы Майгүл Сейілбек.

2019 жылмен салыстырғанда құрылыс саласын қаржыландыру 1,5 есеге артқан. Нәтижесінде 3 жылдың ішінде 7 мыңнан астам пәтер салынып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда облыс орталығында көп қабатты 32 тұрғын үй тұрғызылып жатыр.

«Жаңа баспаналардың көпшілігі жеке сектордан 3 жылда сырылған 1 277 үйдің орнына салынып жатыр. Қаланың көркін қашырған ескі үйлер әлі де бұзылып алынады. Оны жүзеге асыру үшін «Жаңа қала» реновациялық бағдарламасы қолға алынды. 2021 жылы 360 мың шаршы метр салынбақ», - дейді Майгүл Сейілбек.


Соңғы жаңалықтар