СҚО-да өрттен 83 жастағы зейнеткер қаза тапты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Новоникольск елді мекенінің 83 жастағы тұрғыны өрттен қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Қызылжар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметінше, өткен аптада сағат 18.00 шамасында Новоникольское елді мекеніндегі жеке тұрғын үйлердің бірінен өрт шықты. Өрт сөндірушілер жеткенше үйдің шатыры мен кіре берісі жалынға оранып үлгеріпті. Жергілікті шаруашылықтың өрт сөндіру посты, ерікті өрт сөндіру құрылымы мамандарды күтпей, іске кірісіп кеткен екен.

Өрт сөндірушілер оқиға орнынан үй иесі – 1938 жылы туған ер адамның денесін алып шықты.

«Үйдің шатыры жанып кетті. Жалпы жалын шарпыған аумақ 21 шаршы метр. Өрт пештің мұржасынан шыққан. Ол қызып, арты өртке ұласқан. Көршілерінің айтуынша, ер адам биыл жазда пешін жөндетіп, ауыстырған екен. Зейнеткер жалғыз тұрған. Ал бір күн бұрын көрші ауданда тұратын балалары келіп, бәрі оның туған күнін тойлаған», - дейді Қызылжар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Аслан Ахметжанов.

Жалпы Қызылжар ауданында биыл 71 өрт тіркелген. Оның 68%-і жеке секторда болған, салдарынан 4 адам қаза тауып, 3 тұрғын түрлі жарақат алды.


Соңғы жаңалықтар