СҚО-да пестицид сақтау талабын бұзғандарға 7,5 млн теңге айыппұл салынған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр пестицидтер мен минералды тыңайтқыштар сақтайтын қоймаларға 16 тексеру жүргізіліп, талапты бұзғандарға 7,5 млн теңгенің айыппұлы салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде пестицидтер мен минералды тыңайтқыштарды уақытша сақтауға арналған 36 қойма бар.

Олар мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының бақылауына алынған.

Жалпы былтыр шаруашылықтар ел аумағында рұқсат етілген 300-ден астам улы химикаттарды қолданған.

Биыл облыста пестицидтерді сақтау қоймаларына 16 тексеру жоспарланған.

Былтыр да 16 тексеру жүргізілген, жалпы сомасы шамамен 7,5 млн теңгеге 8 хаттама толтырылды. Заңбұзушылықтарды жоюға 8 ұйғарым берілді.

«Улы химикаттарды қолданғанда, маусымдық улау жұмыстарын жүргізу кезінде қоршаған ортаға және тұрғындарға қатер төндіретін жағдай туындауы мүмкін. Пестицидтермен улануды болдырмау үшін санитариялық-гигиеналық нормаларды, қауіпсіздік ережелерін сақтау керек. Улы химикаттармен жасалатын барлық жұмыстарға 18 жасқа толған, медициналық тексеруден өткен және осы жұмыстарға рұқсат берілген адамдар жіберіледі. Бала емізетін және жүкті әйелдерді, жасөспірімдерді және жазылмаған жаралары бар адамдарды мұндай жұмыстарға жіберуге тыйым салынады. Шаруашылық басшылары жұмыс істейтіндердің барлығын арнайы киіммен, респиратормен, қорғаныш көзілдірікпен қамтамасыз етуге тиіс. Әр қызметкерге жеке қорғаныс құралдарының жиынтығы беріледі, оларды қайта-қайта залалсыздандырып отыру керек. Умен жұмыс істеу кезінде темекі шегуге, тамақ ішуге тыйым салынады. Жұмыс аяқталғаннан кейін жұмысшылар қолдарын, құлағын, мойнын мұқият жуып, аузын шаю керек. Пайдаланылмаған улардың қалдықтарын қоймаға тапсыру қажет», - дейді өнеркәсіп, радиациялық қауіпті объектілеріндегі бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы Галина Стацюк.

Былтыр өңірде пестицидтен улану жағдайлары тіркелмеген.

«Уланған жағдайда адамда жүрек айну, құсу, бастың ауыруы, әлсіздік, бас айналу, қолдар мен аяқтардың суық болуы, көру функциясының бұзылуы сияқты белгілер пайда болады. Егер уланған жанға дер кезінде көмек көрсетілмесе, онда бірнеше сағаттан кейін ішкі ағзалардың жұмысы бұзылады: бауыр, бүйрек зардап шегеді, өкпе ісініп, жүрек жұмысы бұзылуы мүмкін. Сондықтан улы химикаттармен улану белгілері болған жағдайда зардап шегушіге қысқа мерзімде көмек көрсетілуі керек. Жедел жәрдем шақыру қажет. Егер зардап шеккен адам есінен танып қалса, оның есін жидырту керек. Егер пестицид асқазанға түссе, онда асқазанды шайып, зардап шегушіге сорбенттер беріледі», - дейді Галина Стацюк.

Соңғы жаңалықтар