СҚО-да полицейлер қар күреуге шықты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары волонтерлермен бірге жалғызбасты қарттарға көмектесіп, ауланың қарды шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер игі істі желтоқсан айында қолға алды. Содан бері әр демалыс сайын облыстағы жалғызілікті қарттардың үйіне барып, қар күреуге көмектеседі. Осы жолы 20 шақты тәртіп сақшысының қатарына еріктілер қосылды.

Студенттер мен оқушылардан құралған волонтер отрядын ішкі істер органдарының зейнеткері, отставкадағы подполковник Петр Аксенов басқарды. Олар Шәжімбаев көшесіндегі үйдің ауласынан қар шығарды. Бұл үйде ведомствоның зейнеткері, 81 жастағы Валерий Лукашов тұрады.

Ал Жұмысшы поселкесінде полицейлер ішкі істер органдарының зейнеткері 67 жастағы Сәкен Бәкетовке көмектесті. Оның ауласындағы қарды шығарып болғаннан кейін, көршісі 80 жастағы Наталья Янышеваға көмек қолын созды.

40 жылдық еңбек өтілі бар Мария Буржинскастың да ауласы әп-сәтте қардан тазартылды. Ал кинологиялық орталықтың қызметкерлері Мәскеу көшесіндегі зейнеткерге тағы бір мәрте келіп, бұл жолы ауласымен қатар, шатырдағы қарды да түсіріп, шығарып берді.

«Мұндай іс-шаралар тәрбиелеп қана қоймай, ұжымдық байланысты нығайтады. Ал волонтерлер біздің қызметкерлерге қарап бой түзейді, полиция қызметіне қызығушылық білдіреді. Зейнеткерлеріміз ыстық ықыласын білдіріп, баталарын беріп жатады», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Сағындық Теміреев.


Соңғы жаңалықтар