СҚО-да полицейлерге жаңа 35 көлік берілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бөліністеріне бүгін жаңа 35 қызметтік көлік берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда және қала сыртындағы жолдарда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін патрульдік полиция енді «Лада Веста» көлігімен қызмет атқарады. Күн сайын патрульдік полицияның 30-дан астам экипажы кезекшілікке түседі. Тәртіп сақшылары негізінен «Нива» және «Лада гранта» автокөліктерін мінетін, енді олардың бір бөлігі шалғайдағы елді мекендерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге жіберіледі.

Жыл басынан патрульдік полиция қызметкерлері 700-ден астам қылмысты ашты. Сондай-ақ, полицейлер жол үстінде қиындыққа ұшыраған көлік жүргізушілеріне әрдайым жәрдемдеседі.

Осындай оқиғалардың бірі жақында М. Жұмабаев ауданында болды. Ауыл тұрғынының көлігі жолда істен шыққан. Ол ауыр халдегі науқас туысын облыс орталығындағы ауруханаға апара жатыр екен. Полиция қызметкерлері патрульдік машинамен ер адамды емдеу мекемесіне жеткізді.

«Қазіргі пандемия жағдайында қоғамдық тәртіпті сақтауда және бірінші кезекте азаматтарға көмек көрсетуде полицейлердің жұмысы тиімді болуы үшін материалдық-техникалық нығайту өте маңызды. Каратин кезінде тәртіп сақшыларының азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталған міндеттері арта түсті», - деп атап өтті СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев.

Қызметтік автокөліктер өзен-көлдерде, жол апаттарында және төтенше оқиғалар кезінде адамдарға көмек көрсетуге қажетті құтқару құралдарымен жарақтандырылған. Жаңа көліктердің бір бөлігі бүгін автопаркі соңғы бірнеше жыл бойы жаңартылмаған аудандарға жол тартады.

Мамандардың айтуынша, полицейлерге берілген бұл көліктер Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2018-2021 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру аясында алынды.


Соңғы жаңалықтар