СҚО-да сағат 21.00-ден кейін арақ-шарап сатқандар қатаң жазаланады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Руслан Әлішев жергілікті телеарна арқылы өңір тұрғындарының көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірдегі карантиндік шаралар туралы брифингте Руслан Әлішев сегіз өзекті мәселеге тоқталды.

Тұрғындардың әлі күнге қала ішінде жүріп-тұруға қатысты сұрақтары бар.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, дүкенге, дәріханаға, жалпы далаға шыққан жағдайда тұрғын өзімен бірге жеке куәлігін алып жүруі тиіс. Полицей қалған қажетті мәліметті планшет арқылы базаға кіріп біле алады. Қалаға кіріп-шығу, ауырып жатқан немесе жалғыз тұратын туысына жәрдемдесу, су астында қалу қаупі бар саяжайға бару мәселелері де назардан тыс қалмады.

«Полиция ең алдымен тұрғындарға көмектесуді мақсат етеді. Сол себепті әр мәселе жеке-дара қаралып, шешіледі. Дегенмен, менің кеңесім – үйден шықпаңыз. Ауданда банк филиалы жоқ болғандықтан ақша шешіп ала алмаған жағдайда бұл мәселені жергілікті әкімдікпен шешу қажет.

Облыста көктемгі су тасқынына қарсы штаб жұмыс істеп жатыр. Олар жағдайды күнделікті бақылауда ұстап отыр. Қажет болған жағдайда арнайы қызметтер жұмылдырылып, тұрғындарды эвакуациялайды. Шұғыл жағдайда 112 нөміріне хабарласуға болады», - дейді Руслан Әлішев.

Тұрғындар сауда орындарының тапсырысты 2-3 күннен кейін кешіктіріп әкелетініне шағымданған болатын. Бұл мәселе де шешімін тауып жатыр.

«Семейный» және «Северный» сауда желілері қосымша штат алды. Оларға 70 волонтер көмектеседі. Азық-түлік бірінші кезекте карантинде отырғандарға жеткізіледі. Қазір «Магнум» мен «Пирамида» сауда орындары да тапсырыс қабылдауды бастайды. Алайда, соңғы кезде спирттік ішімдікке тапсырыс берушілер қатары артқан. Осыған байланысты сағат 21.00 дейін шектеу қойылды. Осы уақыттан кейін арақ-шарап жеткізген дүкендер жазаланады», - дейді облыс әкімінің орынбасары.

Руслан Әлішев соңғы күндері карантиннің алынатындығы жайында әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қатысты да пікірін білдірді.

«Қазақстандықтар бір-біріне карантин режимінен шығу уақытын және жолын көрсеткен құжатты жолдап жатыр. Бұл ақпарат жалған. Штаб мұндай құжатты дайындаған жоқ. Әзірше карантиннің қашан алынатыны белгісіз. Өйткені еліміздің басқа өңірлерінде әлі күнге жоғары динамика сақталып отыр», - деді Руслан Әлішев.


Соңғы жаңалықтар