СҚО-да сенбілік жасағандар екі тұрғын үй мен қораны өртеп алды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өртке қауіпті кезең басталды. Отты абайсыз қолданудың салдарынан Тайынша ауданында екі тұрғын үй және қора-қопсы өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өртке қауіпті кезеңі басталғалы 101 қызметіне 18 рет шақырту түскен. Саяжай қауымдастықтарында, орманды-далалы аумақтарда құрғақ шөп жанған.

«Маңайларын жинаған тұрғындар, кейін қоқысқа өрт қояды. Ол желмен өршіп кетуі мүмкін. Осыған байланысты тұрғындарды қауіпсіздік шараларын ұстануға шақырамыз. Осындай отты абайсыз қолданудың салдарынан бірер күн бұрын үлкен өрт болды. Тайынша ауданы Летовочное елді мекенінде екі тұрғын үй және қора-қопсы зақымданды», - дейді СҚО ТЖД басқарма басшысы Дмитрий Растихин.

СҚО-да жақын күндері саяжай маусымы басталады. Тұрғындар қала сыртына, саяжай учаскелеріне ағылады. Департамент қызметкерлері өрттің алдын алу мақсатында рейдтерді бастап кетті. Олар саяжай қауымдастықтарын, орманды алқаптарды аралайды. Құрамына құтқарушылардан бөлек, орман мекемелерінің қызметкерлері, жергілікті полиция қызметі өкілдері, волонтерлер кірген.

«Желді, ыстық және құрғақ күндері от жағуға қатаң тыйым салынған. Өрт қауіпсіздігі ережесін бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Жалпы жыл басталғалы өңірде 194 өрт тіркелді, 21 адам құтқарылды, 505 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Өрттың салдарынан 26 адам мерт болды, оның екеуі – бала. 31 адам жарақат алды. 71 ғимарат жойылып, 107 ғимарат бұзылды», - дейді СҚО ТЖД бөлім бастығы Серік Шақабаев.

Жалпы өткен аптада 8 өрт тіркелді. Соның үшеуі Петропавлда болды.

16 сәуір күні кешке қарай «Тбилиси» мейрамханасының өртеніп жатқанын сол маңдағы көрші үйлердің бірінің тұрғыны хабарлаған.

Өрттің шығуына электр желілерінің қысқа тұйықталуы себеп болған. Әзірге келген шығын мөлшері белгісіз.



Соңғы жаңалықтар