СҚО-да сот хирург-дәрігерге берілген сөгісті жойды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқасы медициналық мекеме басшысының орынбасары, хирург-дәрігердің құқығын қалпына келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот еңбек заңнамасы талаптарына сәйкес, медициналық мекеме басшысының орынбасары, хирург-дәрігерге мемлекеттік мекеменің сөгіс және қатаң сөгіс беру туралы бұйрығын жойды.

Сөгіс дәрігерлік-кеңестік комиссия жұмысын қалай болса солай ұйымдастырғаны және еңбекке жарамсыздық парағын өтіп кеткен күнмен бергені, реагенттерді уақтылы есептен шығармағаны, оларды есептен шығару журналдардың жоқтығы, қолда бар жабдықты тиімсіз пайдаланғаны үшін берілген. Ал қатаң сөгіс - қызметтік тергеу жүргізу кезеңінде екіжүзділік танытқаны үшін, жұмыс орнында жұмыстан тыс уақытта, басшылықтың рұқсатынсыз бөгде адамдармен болғаны үшін берілген.

Жұмыс беруші қызметтік тергеп-тексеру жүргізіп, нәтижесінде еңбекке жарамсыздық анықтамаларының кімге өткен күнмен берілгенін, күмәнді және анық емес анықтамалардың тізбесін, нөмірлерін, күндерін анықтай алмаған. Сөгісті алып тастауға сондай-ақ, жұмыскердің реагенттерді есептен шығару журналдарын алуға өтінімдерін жұмыс берушінің өзі орындамағаны, ал дәрігерлік-кеңестік комиссия мөрі еркін қолжетімді болғаны негіз болды. Ал реагенттерді есептен шығару және қолда бар жабдықты тиімсіз пайдалану мәселесін қызметкер комиссиялық талдауда айтқан, бірақ оған құлақ аспаған.

Жауап беруші талапкерді қызметтік тергеу жүргізу кезеңінде көрсеткен екіжүзділігі үшін тәртіптік жауапкершілікке тартты, бірақ жұмыс берушінің актілерінде мұндай лауазымдық міндет белгіленбеген. Сондай-ақ жауапкершілікке тарту тәртібі бұзылған, жоғары тұрған салалық кәсіподақтың пікірі жоқ. Сол себепті қатаң сөгіс беру бұйрығы да күшін жойды.

Сот шешімін алқа өзгеріссіз қалдырды, жұмыс берушінің апелляциялық шағымы да өзгеріссіз қалды.


Соңғы жаңалықтар