СҚО-да сотталған азаматтар «QazVac» вакцинасын салдыруда

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар коронавирусқа қарсы вакцинациядан өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы ЕС - 164/6 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан әйелдерге вакцина салынды. Бұған дейін сотталғандарға ресейлік «Спутник V» препараты егілсе, осы жолы таңдау негізінен қазақстандық «QazVac» вакцинасына түсті.

«Вакцина алуға ниет білдірген жазасын өтеушілер алдымен медициналық тексеруден өтті. Терапевт тексергеннен кейін сотталғандар вакцина алды. Вакцинация ерікті түрде жүргізіледі. Екпе алудан бас тартқан сотталғандар болған жоқ. Вакцинация жоспарлы түрде жүргізіледі», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Александр Кочкин.

Бір апта бұрын әйелдер колониясынан 87 адамға вакцина салынды. Бүгін тағы 99 адам екпе алды.

«Бүгін мен «QazVac» вакцинасын алдым. Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Әрбір саналы адам осы вакцинаны қою арқылы өзін қауіпсіздендіруі тиіс деп есептеймін», - дейді сотталған Айзада.

Жалпы бүгінде ЕС-164/6 түзету мекемесінде 843 әйел жазасын өтеп жатыр. Олардың ішінде 40 әйел ғана медициналық көрсеткіштерге байланысты екпе алмайды.

«Коронавирусқа жалпы иммунитетті қалыптастыру мақсатында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының көмегімен ЕС – 164/1,3,6,9 мекемелерінде сотталғандарды «Спутник V» және «QazVac» вакциналарымен жаппай вакциналау жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні 284 сотталған екпе алды», - дейді Александр Кочкин.


Соңғы жаңалықтар