СҚО-да спорт мектебінің бухгалтері 24 млн жуық теңгені қалтасына басқан

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қалалық соты Бокстан олимпиада резервінің облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бас бухгалтеріне қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық сотының мәліметінше, Бокстан олимпиада резервінің облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің 54 жастағы бас бухгалтері алаяқтық жасаған. Ол өзіне сеніп тапсырылған қаржыны қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып аса ірі көлемде ұрлаған.

Сотталған 2017 жылдың маусымы мен 2020 жылдың ақпаны аралығында төлем қалыптастырудың электронды бағдарламасына жалған мәлімет енгізіп келген. Осылайша өзіне еңбекақыны, демалысақыны, сауықтыру жәрдемақысын, көтермеақы, тағы басқа төлемдерді заңсыз жазған. Нақты мәліметтерді әдейі бұрмалап, ақшаны өзінің карточка шотына аударып отырған.

Салдарынан «Бокстан олимпиада резервінің облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-ге және «СҚО әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы» КММ-іне 23 781 833 теңге шығын келді. Бұл қаражатты экс-бас бухгалтер өз мақсатына жұмсаған.

Сотқа дейінгі тергеу барысында бас бухгалтер өз кінәсін мойындады. Куәгерлер сұралып, сот сараптамалары жасалды.

Петропавл қалалық соты 28 қазан күні оны қылмыстық істе кінәлі деп тауып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа деңгейдегі қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар