СҚО-да студенттер арасында жаппай төбелес болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің 2-3 курс студенттері төбелес шығарып, оқу орнының 46 студентін полиция ұстады. Істің мән-жайы анықталып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 20 қазан күні Есіл өзенінің жағасындағы «Восточный берег» дәмханасының жанына біраз жастар жиналғаны туралы полицияға телефон хабарламасы түскен. Жедел басқару орталығының қызметкерлері оқиға орнына шұғыл түрде жақын маңдағы полицияның кешенді күшінің жаяу бағытын және Петропавл қалалық ПБ патруль полиция батальонының 11 автопатрулін жіберді.

«Автопатрульдер мен облыстық және қалалық полиция басшылығы оқиға орнына келіп жетісімен жастар жан-жаққа бытырап, қаша жөнелді. Ауданды тексеру барысында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің 46 студенті ұсталып, Подгорный учаскелік полиция пунктіне және Петропавл қалалық полиция бөліміне жеткізілді», - дейді баспасөз қызметінің мамандары.

Жаппай төбелеске СҚО-ға «Серпін» бағдарламасымен оңтүстік облыстардан оқуға келген 2-3 курс студенттері қатысқан. Жастардың айтуынша, жоғары курстың жігіттері әлімжеттік көрсетіп, олардан ай сайын белгілі бір сомада ақша беріп тұруды талап еткен. Жанжалдың соңы төбелеске ұласқан.

Университеттің әлеуметтік мәселелер және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Нұрлан Баимбетов «төбелеске қатысқан барлық студентке қатаң жаза қолданамыз» деп отыр.

«Біз мұндай жағдай болып жатқанын білген жоқпыз. Айтуларынша, 3-курстың 7 студенті кездесетін орын белгілеп, 2 курстың 3-4 судентін шақырған. Алайда кездесуге екі жақтан 50 шақты адам барған. Күшінің басымдығын пайдаланып төмен курстың балалары оларды қуған, біреуін ұстап алып, ұрған. Жарақат алған студентке алғашқы медициналық жәрдем көрсетілді. Төбелес ұйымдастырғандар оқудан, қалғандары жатақханадан шығарылады», - дейді Нұрлан Баимбетов.

Кеше 21 қазан күні университет ректоры Серік Өмірбаев әлеуметтік желідегі жеке парақшасында қызметінен кеткенін жазды. Алайда, жоғары оқу орнының баспасөз қызметі ректордың жұмыстан кетуінің болған оқиғаға еш қатысы жоқ екенін айтады.

Аталған факті ҚР ҚК 293-бабы «бұзақылық» бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайын толық анықтау мақсатында жедел тергеу іс-шаралары жүргізілуде.

Тергеу барысы полиция департаменті, қалалық және облыстық прокуратура басшылығының бақылауында болмақ.

Соңғы жаңалықтар