СҚО-да су тасқынымен күреске 2 мыңға жуық адам, 1,5 мыңнан астам техника тартылмақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынымен күреске биыл бюджеттен шамамен 500 млн теңге қарастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының мәліметінше, соңғы жылдары аудандардың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында облыстық бюджеттен 355 млн теңге жұмсалды. Бұл сомаға 26 – «МТЗ-82», 3 – «К-704» тракторлары сатып алынды.

Бұдан басқа басқарма өнімділігі жоғары 5 мотопомпа, 15 сорғы сатып алып, бірнеше аудан әкімдігінің және ТЖД мен «Қызылжар су» ЖШС коммуналдық меншігіне берді. Қазіргі уақытта басқарманың баллансында 8 адамдық бес моторлы қайық бар. Биыл 100 адамға шақталған шатырлы қалашық алуға 42 млн теңге бөлінген.

«Аудандар мен Петропавл қаласы әкімдіктерінің тарапынан көктемгі су тасқынына жеке құрамнан 1911 адам, 1540 инженерлік және жоғарғы өтімді техника, оның ішінде 329 су сорғыш және 122 жүзу құралдары дайындалды. Облыстық бюджетте қарастырылған 504 млн теңгенің 202 миллионын төтенше жағдайларды жою үшін, ал шұғыл шығындарға 301 млн теңгесі бөлінген. Және де оқыс оқиғалардың алдын алуға қосымша 167 млн теңге қарастырылған», - дейді СҚО Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының бастығы Нұрлан Бүркіталин.

Мамандардың айтуынша, су тасқынымен күреске 189 тонна жағармай, 17 тоннадан астам инертті материал және 29 мың қап әзірленді.

Ал төтенше жағдайдың алдын алу үшін басқармаға өзендер мен акваторияларда жарылыс жұмыстарын жүргізу үшін 4,5 млн теңге, ғарыштық мониторингке 6,5 млн теңге және облыс аумағын әуе көлігімен барлауға 13,4 млн теңге бөлінді.

Мамандардың болжамынша, биыл қардың қалың жаууынан көктемгі су тасқыны СҚО-да қиын болғалы тұр. Жалпы өңірде су басу қаупі бар 90-нан астам елді мекен бар. Осыған орай арнайы қызметтер әзірліктерін қайта-қайта пысықтап жатыр.



Соңғы жаңалықтар